Zeket Hub

жаңалықтары

ШҚО: Бизиборд тарту етілді

ШҚО: Бизиборд тарту етілді

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ШҚО өкілдігі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ерекше шара ұйымдастырды.

Аталған оқу орнының «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығына ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірдегі өкілдігі әзірлеген бизиборд өнімдері тарту етілді. Бұл игі іс туралы қордың ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлы: «Қазіргі таңда «Зекет және қайырымдылық» қорының бірнеше жобаларының ішінде бизиборд өнімдерін өндіру және мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау бойынша оқыту курстар ашылды. Біз қашанда талантты жастарды қолдап, олардың оқып үйренуіне мүмкіндіктер жасау мақсатында осындай шаралар атқарамыз. Бұл жоба қолдау тауып отыр» деп атап өтіп, іс-шараның маңызына тоқталды.

Ол сонымен қатар «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының шәкірттерімен жүздесіп, білім алу жайында тағылым айтып берді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті басшылығы шараны жүзеге асырған «Зекет және қайырымдылық» қорына алғыс білдірді.

Смотреть встроенную онлайн галерею в:
https://zhobalar.zeket.online/klinika/blog-2.html#sigProIddfa23c9db8

БАС МҮФТИ БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

БАС МҮФТИ БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, сый жасады.

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Астанадағы «Балам-ай» күндізгі күтім орталығында өткен игі шарада Бас мүфти ерекше қажеттілігі бар балалармен және олардың тәрбиешілерімен жүздесті. Орталық жұмысымен танысқан ҚМДБ Төрағасы:

«Біз «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ауыр дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетіп келеміз. Балаларымыз – біздің болашағымыз. Осындай тағдыр тауқыметін ерте тартқан балдырғандарға қарасып отырған ата-анасы және сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Баршаңызға Алла разы болсын! Хақ Тағала балаларымыздың дертіне шипа беріп, құлан-таза айығып кетуін нәсіп еткей» деп батасын берді.

Игі шарада Бас мүфти бастамасымен орталықтың сұрауы бойынша 50 көрпе-төсек, сондай-ақ 15 бизиборд пен балалардың мерекесіне орай тәттілер үлестірілді. «Балам-ай» орталығы ұжымы да өз кезегінде Бас мүфтиге ризашылығын білдіріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорына алғыс хат табыс етті.

Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар 220 балаға оңалту және оларға әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысатын «Балам-ай» күндізгі күтім орталығының Астана қаласында 5 бөлімшесі бар. Ол «Зекет және қайырымдылық» қорымен тығыз байланыста жұмыс істейтін елордадағы ең ірі оңалту орталықтарының бірі саналады.

Смотреть встроенную онлайн галерею в:
https://zhobalar.zeket.online/klinika/blog-2.html#sigProId59854bde02

Балалар мерекесінде бизиборд сыйға берілді

Балалар мерекесінде бизиборд сыйға берілді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Зекет және қайырымдылық қоры» Астанадағы «Бақытты шаңырақ» оңалту орталығына мерекелік сый жасады.

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың қатысуымен өткен мерекелік іс-шарада қор өкілдері ерекше қажеттілігі бар балаларды құттықтап, олар қызмет алатын «Бақытты шаңырақ» оңалту орталығына 8 дана бизиборд табыстады.

«Рамазан айынан бастап ерекше қажеттілігі бар балаларға әлеуметтік және оңалту қызметін көрсететін орталықтарға бизиборд сыйлауды бастаған едік. Алла қаласа жоспар бойынша жыл соңына дейін еліміз бойынша 1000 дана бизиборд дайындалып, орталықтарға үлестіріледі. Балаларға таптырмас құрылғылар «Zeket Hub» орталығының цехында әзірленуде» дейді қордың Астана филиалы жетекшісі Әли Мырзақұлов.  

 

Смотреть встроенную онлайн галерею в:
https://zhobalar.zeket.online/klinika/blog-2.html#sigProId75d03d8388

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ЕРЕКШЕ СЫЙ» ЖАСАЛДЫ

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ЕРЕКШЕ СЫЙ» ЖАСАЛДЫ

Бүгін Астанада ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ерекше қайырымдылық шарасы өтті. Игі бастаманың салтанатты жиынына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық бағытындағы жұмыстар ауқымын кеңейтіп, бірнеше жылдан бері ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оңалту орталықтарымен бірлесе игі істерді атқарып келеді. Соның бір көрінісі бүгін Діни басқарма ғимаратында ұйымдастырылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ерекше балаларға арналған «Ерекше сый» – «бизибордты» орталық мамандарына табыстады.

«Өздеріңізге мәлім, қазіргі уақытта қоғамдағы аса күрделі мәселелердің бірі – аутизм, БЦП, ЗПР, Даун синдромы бар науқас балалардың саны уақыт өткен сайын артып жатқаны жанымызға батады. Осы орайда, «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры осындай ауыр дерті бар балаларға қолдау көрсету бастамасын қолға алды. 

Ерекше балалардың психологиялық процестерін, орталық жүйке жүйесін, сөйлеуін дамытуда ұсақ моториканың маңызы зор екені белгілі. Осы қасиетті рамазан айында Астана қаласындағы ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оңалту орталықтарына арнайы балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ойын түріндегі құрылғы – «бизибордты» табыстап отырмыз. Әрі қарай аталған бағытта жүйелі және тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарлап қойдық» деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, «Зекет және қайырымдылық» қоры ерекше балалардың ой-өрісін дамытуға көмектесетін құрылғының бір үлгісін сатып алып, бизиборд жасауға бейім жандардың көмегімен «Zeket Hub» орталығында мыңдаған данасын құрастырып шықты. Бүгін бірнеше балаларды оңалту орталығына табыс етілсе, алдағы уақытта республика көлемінде ерекше балалардың күтімімен айналысатын орталықтарға 1000 данасын жеткізу жоспарда бар.

 

Смотреть встроенную онлайн галерею в:
https://zhobalar.zeket.online/klinika/blog-2.html#sigProIdf88c68356b

Image